Педагогикалық оқу эссе

26 ақпан 2014 - Самал Сабитовна
Педагогикалық оқу эссе

БІЛІМ БЕРУДЕГІ ҚҰЗЫРЛЫЛЫҚ

 

 

С.С. Мухамбеткалиева

 

 Қарасу орта жалпы білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Казталов ауданы

Батыс Қазақстан облысы

 

 Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім,

ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі де жойылады. К.Д.Ушинский.

Орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жолдауында айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Қазақстан жаңа ғасырға дүние жүзі елдері қатарында терезесі тең ел ретінде келіп отыр. Жаңа ғасырды бастаған ұрпақ келер ұрпаққа қарыздар болып қалмас үшін қолдан келген игіліктерді жасайтыны анық. Қашанда білімі мол, рухани байлығы бар халықтың ұл-қыздары ешқашан да жүдемесі хақ. Біздің басты байлығымыз – білім.

Болашақ – білім мен ғылымға тәуелді болатыны айдан анық нәрсе. Қазіргі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі қандай дәрежеде болса, еліміздің ертеңі де сондай дәрежеде болмақ. Сондықтан қоғам талабына сай, қоғамды көркейтетін, дамытатын, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы істер байланысында мемлекеттің өркениеті үшін еңбек ететін, шетелдермен еркін ғылыми және мәдени қарым-қатынас жасай алатын, ана тілін жетік білетін, ұлтжанды азамат дайындау – бүгінгі ұстаз қауымының басты мақсаты.

Білім – теңіз, мектеп – кеме. Мұғалім – мектептің жүрегі. Білім нәрімен сусындап, оның құпиясын аша білу – күрделі де қиын іс. Осы білім теңізінде еркін жүздіру – бала жанының бағбаны мұғалімнің іс-әрекеті. Мұғалімнің бір-біріне және ешкімге ұқсамайтын сабақтары келер ұрпақты заман талабына сай оқытып, тәрбие бермек.

Жас ұрпақты өткенін ұлықтап, бүгінімен мақтанатын, болашағына үмітпен қарайтын патриоттық-азаматтыққа тәрбиелеу, әлемдік сапа деңгейінде білім беру, рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыру – қазіргі кездегі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Ал осы білім беру жүйесінде, әсіресе, орта мектепте, соның ішінде бастауыш сыныпта әліппе мен ана тілінің рөлі ерекше. Қазақ тілі өмір таныту, тәрбие беру, қарым-қатынас жасау құралы. Тіпті, елдігіміздің бір белгісі – ұлттық тіліміздің өгейсімей өмір сүруі. Тілдің атқарар қызметі көп-ақ. Тіл мен әдебиетті оқи отырып, адамдық болмысың қалыптасады, бүкіл дүниенің әлемдік қақпасы тіл арқылы ашылады. Тарихымыз — өткеніміз бен бүгініміз және ертеңгі болашағымыз сол тіл арқылы сыр шертеді.

Қазақстан Республикасының “Тілдер туралы заңында” “Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттың мәдениетінің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты,” – делінген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез-келген азаматы әлемнің кез-келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады,” – деп атап көрсеткен еді. Яғни білікті, білімді, бәсекеге қабілетті маман кәсіби жағынан ғана шебер болмауы керек, сонымен қатар өз елінің мәдениетін, салт-дәстүрін, мемлекеттік тілді де жақсы білуі керек.

Осы тұрғыда алып қарасақ, ұлттық рухтағы әлемдік білім деңгейі талаптарына сай ұлтжанды азамат тәрбиелеу үшін әр мұғалім күнделікті сабағында жаңа технологияларды тиімді пайдалану, құзыреттілік тұрғыда оқыту, жаңаша авторлық технологиялар мен бағдарламалар құрастырып, жүзеге асыру қажеттігі туындайды. Бүгінгі заман әр ұстаздан үздіксіз ізденімпаздық пен шығармашылықты, кәсіби шеберлікті, құзырлылыққа жету жолындағы инновациялық технологияларды тиімді қолдануды қажет етеді. 

     Бүгінгі таңда жалпы орта білім беруді жетілдірудің негізінде құзыретттілік тәсілді  алу ұсынылып жүр. Қазақстан Республикасы 2015  жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында да білімге бағытталған мазмұнды құзыретттілік, яғни нәтижеге бағдарланған білім мазмұнына алмастыру қажеттілігі көрсетілген.

       Құзыреттілік ұғымы «білім», «білік» және «дағды» (ББД) сияқты ұғымдарды қамтиды. Бірақ бұл ББД-ның жаңаша  жай ғана жиынтығы емес. Құзыреттілік оқыту нәтижесін (білім және білік) ғана емес, сонымен бірге ол оқушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен құндылық бағдарларының жүйесін де көрсетеді.Құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен біліктерді іс-жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық мәселелерді шешуге  қолдана алу қабілеттілігі. Ол, ең әуелі мектептегі оқыту үрдісінде қалыптасады. Сонымен, оқытудағы құзіреттілік тәсіл білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді, ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды, мектептегі оқыту сапасын бағалаудың біртұтас жүйесін құруды талап етеді. Демек «құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын мектептегі педагогикалық тәрибеге енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.

        Құзыреттілік тәсіл бірінші орынға оқушының хабардарлығын емес, нақты құбылыстарды танып білу мен түсіндіруде; қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде; практикалық өмірде; мамандық таңдау кезінде өзінің кәсіби білім алуға дайындығын бағалауда; еңбек нарығын бағдарлау қажет болғанда; өмірден өз орнын анықтауға;  өмір салтын, кикілжіңдерді шешу тәсілдерін таңдауға байланысты мәселелерді шешу қажет болғанда туындайтын өмірлік мәні бар мәселелерді шешу біліктілігін шығарады.

        Б.Тұрғанбаева: «Құзырлыққа бағытталған оқыту үрдісінде тәжірибелік жолмен мәселені шешу мүмкіндігі молаяды. Осы жағдай біліктілікті арттырудағы екінші үлгіге көшірудің негізі бола алады.»

       К.Құдайбергенова: Тұлға құзырлылығын қалыптастыру жолдары:

— білім беру жүйесіндегі жүйеге кіретін бала жүйеден шыққанда түлек болады;

— тұлғаның ұжымға енуі арқылы әлеуметік-психологиялық сипаты көрінеді, — деп тұжырымдайды.

Сонымен, оқу үрдісіндегі құзырлылық дегеніміз – оқушының алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде, күнделікті өмірде теориялық және тәжірибелік мәселелерді шешу үшін қолдана алу мүмкіндігі болып табылады.

      Қазіргі кезеңдегі бастауыш сынып мұғалімінің міндеті – жас буынды сөз өнеріне баули отыра оқытудың шығармашылық сипатын күшейту, сөйтіп баланың  жеке қабілеті мен  әлеуметтік белсенділігінің дамуына жол ашатын шығармашыл тұлға қалыптастыру. Қазақ әдебиетін оқытуда нәтижеге бағытталған іс-әрекетті құзыреттілік тұрғыдан жүзеге асыру – негізгі міндет. Құзырлылық – оқушы іс-әрекетінің сапасынан көрінетін білім нәтижесі.

       Бүгінгі таңда білім саласының алдында дайын білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Бұл, әрине, оқушылардың шығармашылық әрекетін дамытуда маңызды мәселе.

       Ғылыми зерттеулерге сүйенер болсақ, оқушы шығармашылығын дамытуда «шығармашылық тапсырмалар» атауы педагогикада белгілі екі құрамдас бөліктен тұрады.

       Шығармашылықты,

-         біріншіден, оқушылар дербес, өз бетімен ойдан жаңаны құрастырады,

-         екіншіден, жағдай тудырушы материалдар даярлап, шығармашылыққа икемдейтін ересек адамның қатысуы арқылы қарастырылады.

       Педагогке жауапкершілік жүктеледі, жұмыс нәтижесі оның іскерлігіне  байланысты.

       Шығармашылыққа баулу шәкірт бойындағы талант көзін ашып, тілін байытып, қиялын ұштау мен өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізбек.

Оқушыларды  келесі жұмыстар арқылы шығармашылыққа баулуға болады деп есептеймін:

·        сюжетті сурет бойынша әңгіме жазу;

·        жыл мезгілдерін, табиғат көріністерін көркем тілмен суреттеу;

·        нақыл сөздердің мәнін ашу;

·        мақал-мәтелдер негізінде әңгіме жазу;

·        жұмбақ, жаңылтпаш, бейнесөз құрастыру;

·        өз сыныптастарының (т.б.) портретін суреттеу, мінездеме беру;

·        автордың идеясын өз идеясымен өрбітіп жазу;

·        өлең құрастыру;

·        жансыз нәрселерді жандандырып әңгіме, ертегі жазу;

·        еркін тақырыптарға шығарма, ойтолғау, эссе жазу;

·        ұжым болып ертегі құрастыру;

·        ұлы адамдар өміріне байланысты сұрақтар беріп, пікір айту;

·        ақын-жазушылар шығармалары бойынша пікір алмасу;

·        оқыған кітаптары бойынша ойтолғау жазу;

·        қоғамдағы әр түрлі өзгерістерге байланысты пікір айту;

·        баспасөз материалдары бойынша пікір айту;

·        өлеңді қара сөзге айналдырып мәтін құрау;

·        ақпарат құралдарын пайдалана отырып, реферат, баяндама жазу;

·        іс қағаздары үлгілерін жаздыру;

·        тақырыпқа сай диалог, монолог жаздыру;

·        оқиғаға қатысты өз ойларын айту;

·        автордың көзқарасы туралы айта білу;

·        көркем туындыны талдау, салыстыру, қорыту, шешім көрсету т.б.

     Қазір ғалымдардың зерттеулерінде құзырлықты қалыптастыру білім беру мазмұны құралдары арқылы жүзеге асатыны,  осыдан келіп оқушының қабілеттілігі дамитыны және күнделікті өмірдегі шынайы проблемаларды – тұрмыстық мәселелерден бастап, өндірістік және әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкіндіктері пайда болатындығына баса назар аударылып отыр.

     Әр күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілікті жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Өйткені еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында. Мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкіртінде. Оқушы шығармашылығын дамыту ісі үздіксіз жүргізіле бермек. Бұл қоғам талабына сай туындайтын қажеттілік.

 

      «Ұлт данышпандары арқылы ұлы мақсаттарға жетеді» деген сөзбен ойымды аяқтағым келеді.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141165

Пікірлер (5)
Жанар # 11 маусым 2014 в 17:41 0
рахмет !
Галия Иманбаева-Габдуллина # 25 шілде 2014 в 00:34 0
Самал, сәттілік тілеймін!
бибигул # 7 қаңтар 2016 в 19:34 0
кушти екен
Светлана # 7 ақпан 2016 в 21:38 0
Сізден көп көмек болды.Рахмеееет!
MHJTRHMGDHMTER # 27 наурыз 2016 в 15:12 0
Зооооор екен

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар