Оқулық сапасының жыры әлі де жалғасуда

28 қаңтар 2014 - Админ
Оқулық сапасының жыры әлі де жалғасуда

 Қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың сапасы жиі сынға ілініп жүр. Бірақ бұл мәселеге мамандардың айтар уәжі дайын – оқулықтар арнайы құрылған, бір емес бірнеше комиссияның тексерісінен өтіп, сұрыпталады.

   Солай бола тұра оқулықтар кемшіліктерге толы. Әріп қателерін былай қойғанда, мазмұны түсініксіз, қисынсыз құрылған сөйлемдер жетіп артылады. Неге? Себебі, біз әлі оқу әдістемесін бір ізге түсіре алмай жүрміз. Осының салдарынан оқушылар мың құбылған оқулықпен оқуға мәжбүр. Бір аймақта «Атамұра» баспасының оқулықтары оқытылса, енді бір қалада өзге баспа өнімдері оқытылады. Ал «Атамұра», «Мектеп», «Алматы кітап» баспаларынан басылған кітаптардың айырмашылығы көп. Соған қарамастан бізде жиі-жиі оқулық ауыстырып тұру әдетке айналған. Әсіресе, министрлік ауысқан сайын оқулық та реформаға ұшырайды.

Дегенмен, бұл мәселе биік мінберлерден жиі-жиі көтеріліп жүр. Әйтсе, де оқулықтағы олқылық оңалар емес. Мәселен, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, 6-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығындағы кемшіліктерді жіпке тізіп берген еді. Сорақысы сол, Қазақстан деген мемлекетті мүлде картадан сызып тастап, Ресейдің құрамына енгізіп жіберген оқулықты министрлік екінші басылыммен таратқан. Осы орайда мәжілісмен: «Арнайы «Оқулық» атты жаңа бағдарлама жасап, барлық оқулықтарды түгелдей дерлік білікті мамандардың сараптамасынан өткізіп, оқулыққа байланысты тендерлер арнайы бақылауға алынуы қажет», – деген ұсынысын айтты.

Қазір мәжілісмендер мектеп оқулығын «аударып-төңкеруде». Мектеп оқулықтарын жіті назарға алған депутаттар әзірге бұл туралы нақты жауап бере алмай отыр. Мәселенің мән-жайына қатысты пікірін есту үшін Мәжіліс депутаты Камал Бұрхановты әңгімеге тартқанымызда:

–       Қазір біз мектеп оқулықтарының барлығын алып, жіті қарап, арнайы мамандарды шақырып, оларға сараптама жасап жатырмыз. Әзірге оқулық мәселесін өзіміздің түбегейлі зерттеп жатқан жайымыз бар. Сондықтан бұл мәселе комиссия отырысында анық белгілі болады. Сол жерде жария түрде өз ойларымызды айтамыз, – деді ол.

Бұл мәселеге математик Балқаш Нақанов: «Бізде әр сыныпта өтілетін материалдарға өзгерістер енгізіледі. Әсіресе, бастауыш сыныптардағы математика күрделеніп, қиындап кетті. Бұрын ортаңғы және жоғары сыныптарда өтілетін: үшбұрыш, кесінді, бұрыш, сәуле, төртбұрыш, тіктөртбұрыш, параллелепипед, пирамида, теңсіздік сияқты алгебралық ұғымдарды бастауыш сыныптардың математика оқулығына еш негізсіз енгізіп жіберген», – деп қынжылады.

Әрине, мектеп табалдырығын енді аттаған балалардың санасына осы ұғымдарды толық жеткізіп сіңіру мүмкін емес. Уақыты келгенде бұл ұғымдармен оқушылар ортаңғы, жоғары сыныптарда танысады. Олай болса, бастауыш балаларын түсініксіз ұғымдармен бас қатыртып қайтеміз? Математика майталмандарының пікірінше, бастауыш оқулықтарындағы есептердің көбісінің шарттары шұбалыңқы, грамматикалық ережелерге қайшы, артық сөздерге толы. Есептер алдымен орысша құрастырылып, сонан кейін ғана қазақшаға шорқақ тілмен аударылған. Яғни, орысшадан қазақша мағынасына қарап емес, сөзбе-сөз аударылған. Аударма мәселесі тек математика оқулығында емес, биология, физика, химия сияқты көптеген оқулыққа ортақ кемшілік. Мәселен, «Атамұра» баспасынан шыққан 6-сыныпқа арналған Биология оқулығындағы шорқақ аударылған сөйлемдер бала түгілі ересектерге де түсініксіз. Онда жер-су, өсімдік пен жәндік атауы түсініксіз ұғымға айналған. Биологиядағы ежелден келе жатқан «аталық» пен «аналық» ұғымы аяқ астынан «ата-ене»-ге ауысқан. Ал «Мектеп» баспасынан шыққан қазақ мектептеріне арналған «Орыс тілі» оқулығында «сан есім»-ге қатысты «есептік сан есім» ұғымы «санақ санлар» болып түсініксіз әрі сауатсыз аударылған. «Қарның ашатыны» осы сауатсыз жазылған сапасыз оқулықтарды ата-ана қалтасын қағып, салмақты сомаға сатып алады. Математика мен қазақ тілінің оқулықтары 2000-3000 мың теңге аралығында болса, ағылшын тілінің оқулығы 3-4 мың теңгеге жетеді. Өкініштісі сол, «Былтыр сатып алған кітабың биыл жарамсыз», – деп ренжиді ата-аналар. Себебі, кейбір мектептерді биыл «Мектеп» баспасының оқулықтары оқытылса, келесі жылы оқу бағдарламасына «Атамұра» баспасынан шыққан кітаптар енгізіледі екен. Бұрын қандай еді? Ескі оқулықтар бірнеше толқынның қолынан өтетін. Академик Мұхтарбай Өтелбаев көне оқулықтарды лақтырып тастауға әлі ерте деген пікірде. «Ол кітаптарды әлі де кәдеге жарататын боламыз. Себебі оқулық сапасының бірден дұрысталуы екіталай», – дейді.

Философия ғылымдарының докторы, академик Әбдімәлік Нысанбаев сапасыз оқулыққа қатысты пікірін былай деп жеткізді:

–       Оқулықтың сапасын қалай арттырамыз? Мектеп оқулықтарын кім, қалай жазады? Мұның барлығы үлкен мәселе. Біріншіден, бізге ұлттық мүддеге негізделген ұлттық оқулық керек. Ұлттық рухтағы оқулықтар ауадай қажет. Екіншіден, оқулықты даярлайтын арнайы мамандар – жаңашыл мұғалімдер, ғалымдар болуы керек. Осылардың авторлық негізінде оқулықтардың бірнеше нұсқасын жасаған дұрыс. Мектеп оқушысы осы нұсқалардың ішінен өзіне қажеттісін таңдауы тиіс. Дайындалған оқулықтар сынақтан өтіп, тәуелсіз сараптама жасалуы қажет. Яғни ешқандай тамыр-таныстыққа жол берілмеуі керек. Бірде Түркияға жолым түскенде бір профессордан: «Осы сіздерде жемқорлықтан ада жер бар ма?» деп сұрағанмын. Сонда ол кісі: «Бізде жемқорлық кез келген салада бар. Тек білім беру саласы ғана таза. Егер білім саласы жемқорлықпен былғанса, онда біздің Түркия құриды», – деп жауап берген еді. Бізде де білім саласы сыбайластықтан аман болуы тиіс. Баспалар арасында бәсекелестік орын алып, тендер әділ өтуі қажет.

Елбасы биылғы Жолдауында әдеттегідей білім-ғылымға ерекше екпін түсіріп, алдымызға жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу, оларға терең білім беру, ғылымды дамыту сияқты маңызды міндеттер қойды. Ол – түсінікті. Ғылым араласпаған жерде өсу де, ілгерілеушілік те жоқ. Ал сапалы ғылым мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс.

Айналайын порталы

Осыған ұқсас жазбалар:

Ұстаз үніБІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

Сайт туралыПортал туралы аз сөз

Жаңалықтар500 бірлікке ие болған алғашқы ұстаз белгілі болды.

Ұстаз үніҰЛТ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ҰСТАЗЫҢНЫҢ ХАЛІН БІЛ!

Ұстаз ұйымдастырушыПедагогикалық шеберлік

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1148583

Пікірлер (1)
ДИНАР # 27 тамыз 2015 в 23:09 0
Оқулық жайлы айтылған пікірлерге толықтай қосыламын.Сапасы сын көтермейтін оқулықтар үшін кірерге тесік тапай бала алдында ұялып,ата анадан ұрыс естіп біттік.Тіпті орыс мектебіндегі қазақ тілінің жағдайын айтуға ұяламын.Жылда жаңа оқулық,авторы сол біреу,бірақ жыл өткен сайын сорақы.Қазақ әдебиетіндегі берілген материалдарды ашып көрсеңіздер ғой.Тілді әрең меңгеріп отырған балаға роман мен жырлардан үзінді,автор жайлы мәлімет пен шығармашылықты бірге берет.Көлемі он,тіпті жиырма бетке дейін,сөйтет де оған бір сағат уақыт,яғни қырық бес минут бөлінет.Жыл көлемінде отыз төрт сағат .Ал оқулықта қырықтан астам автор мен оның туындылары берілет.Қазақ сыныптарында берілген материалдан оныншы орыс сыныбындағы М.Өтемісұлы жайлы материал екі есе көп берілген.Жиырма үш бет.Енді ойлап көріңіз.Оны оқыту мен түсіндіруге қаншама шеберлігі асқан ұстаз болсада қиналат.Ал оқушының тілдік деңгейі мен жас ерекшелігі,қабылдауы мүлдем ескерілмей қалуда.Осыдан барып тілді үйренуге деген ынта жоғалат.Оған кінәлі тағыда ұстаз болып қала берет.Ұлт ретінде оқулықты ашып отырған басқа ұлт өкілдері біз туралы не ойлайды сонда ,ойланайықшы.Ақшаның құлы болмай,болашақтың,намыстың құлы болғанымыз жақсы еді ғой...

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар