Жіптік курс

19 қаңтар 2015 - Айболат Тоғайұлы
Жіптік курс

«Жіптік курс» дегеніміз не?

«Жіптік курс» бұл тренинг, топтық жаттығу, қызықты ойын, әсерлі ой бөлісу мен ғажайып сәттер. Аты айтып тұрғандай жаттығулардың көбі жіппен байланысты.

Жіптік курс (кейінгі мәліметтерде қысқартылған түрде «ЖК» деп берілген) — командалық жұмыс, көшбасшылықты дамыту технологиясы. Оның басымдығы – топты жұмыспен тез қызықтыра білу. Қатысушылар алаңға немесе орманға үлкен қызығушылықпен келіп ұйымдастырушылардан қызықты бағдарламаны күтеді және «ЖК» аяқталған соң күткен әсерлермен қайтады. Аталмыш курс ұжымды командамен жұмыс істей білуге, топ арасынан көшбасшыны анықтауға мүмкіндік береді. Әрбір жаттығу қатысушылардың қиындықтардан қандай шешім табатынын, тапқырлығын сынап көру үшін жасалған. Жаттығу қорытындысында қатысушы ойын кезінде жасаған шешімін қарап, оның жақсы немесе бұрыс жақтарын өлшеп, болашақта дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі, тиімді әдістерге үйретеді. Қатысушының ең маңыздысы – ойын барысында ықыласпен жетістіктерін қолдау. Бұл сезім адамды жігерлендіреді, алдына қойған мақсаттарға деген сенімі артады. «Жіптік курс» өте пайдалы және көңілді тренинг. Қатысушылар меншікті тәжрибелерден маңызды сабақ алып, көңілдерін көтеріп, үлкен әсер алмақ.

«Жіптік курс» – әрбір жаттығуы қатысушылардың қандай шешім табатынын, тапқырлығын сынап көру үшін жасалған.

    -«ЖК» – бөгеуiлдi жеңiп шығуға үйрету ғана емес, командалық жұмысқа және жетекшiлiктiң көркемөнерiне қоса қатысушыларға пайдалы сабақ беру.

    -Бұл өте пайдалы және көңілді тренинг. Қатысушылар меншікті тәжірибеден маңызды сабақ алып, көңілдерін көтеріп, үлкен әсер алады.

    -Ол жаттығу мен ойынның бір түрі, сынақ пен жеке тәуекел, командалық жұмыс, жаңадан тиімді сабақ алу бағдарламасы.

    -Әрбiр жаттығу қатысушылардың қиындықтардан қандай шешім табатынын, тапқырлығын сынап көру үшiн дайындалған.

    -Жаттығудың қорытындысында қатысушы ойын барысында жасаған шешімін қарап, оның жақсы немесе бұрыс жақтарын өлшеп, болашақта дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі, тиімді әдістерге үйретеді.

    -Жіптік курсқа қатысушылар күнделікті өмiрдегі іс қылықтарын қолданады. «ЖК» қатысушылардың ойын барысында және күнделікті өмірде пайдаланатын іс-әрекеттерінің байланысын байқауға ойластырған.

    -«ЖК» — бұл өздiгiнен үйрететін бағдарлама. Қатысушылар меншікті тәжірибелерімен, әсерлерімен ауысады. Ойын жүргізушісі не істеу керек екенін айтпайды, қатысушылар пайдалы да бағалы тәжірибені өздері теріп алады. Жүргізушінің мақсаты – сол тәжірибені алуына бағыттау.

Командалық жұмыс пен жетекшілік – «ЖК» — тің басты мақсаты болып табылады.

Соның ішінде:

— топтық стратегияны өндiру;

— шығармашылық жол табу;

— өзiн көрсете бiлу;

— басқаларға және өзiне сенiм білдіру;

— адалдық;

— сенiмдiлiк;

— басқалардың және өзінің жетістіктерін мойындау, қолдау;

— басқаларды жігерлендіру (қолдау );

— мәселелердiң шешiмін табу;

— өзіне деген сенiмдiлiк білдіру;

— нәтижелi жетекшiлiк.

Қатысушыларды моральді қолдау — бағдарламаның ең маңызды тұрғысы. Өмірде адам жетістіктеріне жеткілікті қолдау алмаса көптеген кедергілерге тап болады. «ЖК» барысында әрбiр қатысушыға ерекше көңіл бөлінеді. Қатысушыларға ең маңыздысы – ойын барысында ықыласпен жетістіктерін қолдау. Бұл сезім адамды жігерлендіреді, алдына қойған мақсаттарға жеткіздіреді.

«Жіптік курстың» құрылымы

«Жіптік курс» бір күннің ішінде өтіп болатын жаттығулар тізімі, топтық өзара әрекеттесу тәжiрибесiнiң әр түрлi әдістерін қолдауға мүмкiндiк береді. Сіздің мақсатыңыз – жаттығуларды қалай орындағаныңызды, басқалармен қарым-қатынасыңызды, өзіңізді сырттай бақылап, жақсы және өзіңізге ұнамайтын жақтарыңызды көріп, тренинг арқылы білім мен пайдалы тәжірибе алу. Әр топта 7-15 адам қатысады, нұсқаушы нақты тапсырмалар беріп бақылап тұрады. Тренинг барысында сізде 5-10 минуттан бірнеше үзілістер болады, сол уақытта жаттығудан алған әсеріңізді бөлісуге, су ішіп, кішкене ауқаттану үшін қолдана аласыз.

Үстіңіздегі киген киімге ерекше ілтипат аударғаныңыз жөн! Киіміңіз ауа-райына, командалық ойындарға, шаң, топырақ, ағаш кесінділеріне байланысты жаттығуларды орындауға сай болуы керек.

Өзін-өзі тексеру жолдары:

1. Әр жаттығу сайын. Бұл нұсқа жіптік курсты тренинг арқылы өткізгенде қолданылады, себебі тренинг кезінде барлық ықылас топ арасындағы психологиялық аспектке аударылады. Талқылау барысында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, жаттығуды орындау кезінде қандай қиындықтармен кездескендерін айтады.

2.«ЖК» ортасында және аяқталған соң. Бұл нұсқа түрі ұйымдастырушылар арасында таратылған және ұжымды біріктіру мақсатында қолданылады. Қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп жаттығу барысында кездескен қиындықтарды талқылап жеңіп шығу жолдарын қарастырады. «ЖК» соңында қатысушылар жаттығуларды қорытындылап топ арасындағы өзгерістерді анықтайды.

3. Жалпы «ЖК» аяқталған соң. Бұл нұсқаны «ЖК» өткізуге уақыт шектеулі болғанда қолданады. Талқылау барысында қатысушылар әсерлерімен бөліседі, жаттығуларда кездескен және тез жеңіп шығуға бөгет жасаған қиындықтарды атап өтеді. Бұл нұсқа тиімдірек болу үшін топ жақын арада жасаған қорытындыны басқа ұжымдық жұмыста пайдаланып көруі қажет.

«Жіптік курстан» кейін ?

Тек қана «Бәрекелді!!!» -

    oҰйымшылдық және ынтымақтастық сезімдерінің артуы;

    oҚызметкерлерді немесе оқушыларды жұмысқа, оқуға шабыттандыру үшін тынығу және көңіл көтеру;

    oҚызметкерлер (оқушылар) арасында командалық және әрекеттестік үдерістің дамуы.

«Жіптік курс» тарихы қайдан бастау алады?

Қазіргі «ЖК» — командалық құзыретіне арналған жаттығулар жиынтығы (бір-бірін түсіну, сену, құрметтеу, ортақ нәтижеге ұмтылу, өзгелердің пікірін тыңдай білу, мақсат қою және іске асыра білу) болып табылады. Классикалық команда құру тренингі – американдық психолог Карл Ронкенің шығарған Outdoor «ropes course» негізіндегі экстремалдық курсы болып табылады.

Дегенмен, тарихи айғақтарға сүйенетін болсақ, «жіптік курстың» кейбір шеберлік тәсілдері одан да ертерек қолданғанын көрсетеді. Алғашқы рет «ЖК» тренингті әйгілі неміс оқытушы және философ Курт Хан құрастырған делінеді.Ол дене жаттығулар, қоғамдық жұмыстар мен әлеуметтік жобалар орындау арқылы тұлғалық тәрбие тұжырымдамасын шығарған болатын. Сонымен қатар теңізшілерді құтқарып қалу үшін арнайы бағдарлама жасап жіптік курсты қолданатын Ourtword Bound ұйымын негіздеген. Бұл ұйым қазіргі уақытта да қызмет етіп келеді: түрлі тренингтер өткізіп туристік сапарлар ұйымдастырады, жаттығуларға арналған арнайы алаңдар жасалады. Курт Ханның «ЖК» бағдарламалық идеялары бүкіл әлем бойынша дамып келеді.

Кейін жіптік курс АҚШ-қа кең таралған. Мұнда «ЖК» бағдарламасына бизнес әдістер, көшбасшылықты дамыту тәсілдер және жеке тәртіп үлгісіне қатысты жаттығулар енгізілді.

90-шы жылдары «ЖК» ТМД елдерінде көшбасшылық бағдарламасының бір бөлігі болып қалыптасқан. Бұл бағдарламаның басты бағыты – көшбасшыны жалпы командалық жұмысқа үйрету, топтағы өзге пікірлермен санасып міндеттерді шешу үшін барлық команда мүшелерімен бірлесіп ортақ жетістікке жету, сонымен қатар әріптестерді шабыттандыра білу болып табылады.

«Жіптік курс» өткізу тәжірибесіне қарай бағдарлама соңында келесі нәтижелерге қол жеткізуге болады.

Жеке және командалық жұмыстың тиімділігін көтеру, қалыптасқан командалық қарым-қатынаста өзін және өзгелерді түсіну үшін қолайлы мүмкіндік туғызу;Ұжымдағы жеке қызметкерге қызмет саласында даму үшін шектеулерді анықтау және жою; Күрделі және ауыспалы ахуалдар кезінде тұлғааралық және іскерлік дағдыларды қалыптастыру; Команда мүшелері арасындағы жасырын және ашық жанжалды анықтап мәселені шешу, оларды командалық жұмысты дамыту үшін ортақ мақсатқа айналдыру, жаңа әрекеттестік деңгейге шығару; Командалық рухты қалыптастыру және мақсат белгілеп оған жетуге ең тиімді шешімді қабылдау.

« Жіптік курсқа» қатысушыларға кеңес

-Алдымен қауіпсіздік ережесін сақтаңыз.

-Денсаулығыңызға сенімсіз болсаңыз ойыннан бірден бас тартыңыз.

-Спорттық киіміңіз өзіңізге ынғайлы болсын. Көйлекпен, тақалы аяқ киіммен қатысуға болмайды.

-Ойын барысында жіпке, ағаш бұтақтарына, жерде жатқан тастарға қол-аяғыңызды ауыртып алмауға тырысыңыз.

-Егер жаттығу ережесін түсінбесеңіз қайталап сұрап алыңыз.

-Жаттығуларды берілген ережеге сай орындаңыз. Асығыстық жасамаңыз.

-Әр бір жаттығудан өткеннен кейін киіміңізді, өзіңізді ретке келтіріп алыңыз.

-Жаттығуларды тыныштықпен орындауға тырысыңыз. Ол сізге үлкен көмек береді.

-Ұялы телефоныңыз алаңдатпас үшін сөндіріп қойғаныңыз немесе арнайы орынға тапсырғаныңыз дұрыс. Қол сағатыңызға абай болыңыз. Шешіп қойсаңыз тіпті жақсы.

Олай болса, төмендегі ережемен танысып, сауалнамаға жауап беріңіз де қызықты ойын-жаттығуларға көшіңіз

«ЖК»- қа арналған сауалнама

«Жіптік курс» бағдарламасына қатысып жатқаныңызбен құттықтаймыз! Сізден сауалнаманы ықыласпен оқып шығуыңызды және барлық сұрақтарға толықтай жауап беруіңізді сұраймыз.

Қатысушыға арналған сұрақ

Толық аты-жөніңіз _____________________________________________

________________________________________________________________

Туған күн, айы, жылыңыз“____” _____________”

Мектебіңіз, класыңыз немесе қызмет орныңыз_________________________________________________________

_________________________________________________________________

Ұялы телефоныңыз_______________________________________________

E-mail _______________________

Курсқа белсенді қатысу үшін төмендегі сұрақтарға жауап беріп көріңіз.

— «Жіптік курсқа» қандай мақсатпен келдім? ______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

— Өз күш-қуатымды қалай бағалаймын?___________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

— Достарыммен сөйлескен кезде көбіне қандай сөйлесу түрін таңдаймын. Ал әріптестеріммен,өзге танымайтын адамдармен ше?___________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

— Жаңа немесе ерекше жағдаяттарға тап болған жағдайда қандай әрекет жасаймын?_______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

Бұл әлемде мен барлығымен белгілі бір қарым-қатынастамын: өзге адамдармен, табиғатпен, өзге мәселелермен, қауыммен және өзіммен. Бұл қарым-қатынастардың нәтижесі менің өмірімді қалыптастырады. Бәрі де маған байланысты: жақсы қарым-қатынасты орнатып, бір топта өмір сүру және мәселелерді шешіп ойлаған мақсаттарға жету. Менің қолымнан осының бәрі келеді.

Сауалнаманы мұқият оқып қарап, жазылған мәліметпен танысып, барлық сұрақтарға шын және толық жауап бергеніме, «Жіптік курс» тренингке бар жауапкершілігіммен аяғына дейін толық қатысатынымды растаймын.

Күні________________ Қолы________________

Сізді келешекке апаратын қызықты саяхатқа шығарып,

бірге болғанымызға қуаныштымыз!


Алдымен сергіп алайық!

«Жіптік курстың» кезеңдерінен өтпес бұрын топтық сергіту ойындары немесе топпен бірге би билеп, егер бір-бірін танымайтын орта болса танысу ойындарын өткізіп қызығушылықтарын оятып алған жөн. Бірнеше топқа бөлу үшінде арнайы ойын элементтерін пайдаланған жақсы.

« Ізетті қуыршақ» сергіту ойыны

Жүргізуші сергіту ойынының ережесін түсіндіреді. Барлық қатысушылар қуыршаққа айналады. Қуыршақтың қуаты қосылғанда барлығы қуыршақ сияқты жүріп кез келген «қуыршақтың» екі қолынан ұстап «1.2.3» деп айналдырады да, «Сәлеметсіз бе» дейді. Кейін келесі адамға барып сол әрекетті қайталайды. Тездетіп бірнеше адаммен амандасып шығулары қажет.

«Ізет» сергіту- жаттығуы

(Нұсқаушының айтқанын қайталайды)

Кәне достар бәріміз,

Күлімдейік тұрмайық

Қолды көкке көтеріп

Қолымызды бұлғайық

Көрісейін көршіммен,

Арқасынан қағайын

Сипайыншы басынан,

Күлімсіреп алайын.

«Сен, мен және бәріміз. Тату тәтті достармыз» сергіту-жаттығуы

Қатысушылар шеңбер жасап тұрады. Нұсқаушының атқанын қайталып, қимылдарын бірге көрсетеді.

    -Сен, мен және бәріміз, Тату – тәтті достармыз

    -Оң жақ көршіңді құшақта

    -Сен, мен және бәріміз

    -Тату – тәтті достармыз

    -Сол жақ көршіңді құшақта

    -( оң жақ көршіңнін шашынан сипа, арқасынан қақ, бетінен шымшы деген сияқты әзіл қимылдарды да қосып, сергітуді осы ретпен жалғастра береді) Соңы

    -Сен де кереметсің

    -Сен де кереметсің ( барлығы қол шапалақтайды) Ал мен бәрінен мықтымын!

Ойынға белсене қатысып, жаңа сезімдерді сынап көруге, ерекше нәтижеге жетуге әзір болыңыз!

Тапсырмалар:

    1.Қатысушыларды ойынға емес, жеңіске бағыттау.

    2.Жаттығудың өту процесіне қатысушылардың назарын толық аудартуға үйрету, тек қана жеңіске жету жолдарын емес, сонымен қатар алға қойған мақсатқа жетуді үйрену.

    3.Қатысушылардың жалпы жеңісінде әр бірінің маңызды екенін көрсету.

    4.Қатысушылардың жаттықтырушымен және өзара қатынастарын бағалау.

    5.Қарсылас топтардың осал тұстарына назар аударып, соған байланысты келесі жаттығуларды таңдау.

Қосымша талаптар:

    ·Жалпы үнсіздікте орындау

Жаттығуды тоқтатуға арналған белгілер:

    ·Қауіпті орындау әдісі

    ·Ережелерді бұзу

    ·Әрі қарай орындауға нақты мақсаттың болмауы

    ·Қатысушылардың шамадан тыс шаршауы

    ·Кейбір қатысушылардың денсаулықтарының күрт төмендеуі

Ережені бұзған кезде:

· Барлық топтар қайта оралады

«Қолдау» ойын жаттығуы

Қажетті құралдар: қажет етпейді

Ережесі: қатысушылар шеңбер жасап қолдарынан ұстап тұрады. Аяқтарын бір-біріне тақайды. Жаттығу нұсқаушысының белгісінен кейін қолдарын үзбей жерге дейін отырып, қайтадан орындарынан тұрулары қажет.

Талдау: ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады.

«Орындық» ойын жаттығуы

Қажетті құралдар: қажет емес

Ережесі: Бұл ойын жаттығуы барлық топ мүшелері толық бірге болған кезде немесе ойын басталар алдында өткізуге болады. Қатысушылар бір-біріне жақын тұрады. Нұсқаушының көмегімен бір-бірінің белдерінен ұстап тізелерін бүгеді. Бүгілген тізеге артта тұрған адамның тізесіне отыру сұралады. Отырғанша қолдарын жібермеуі керек. Нұсқаушының белгісімен қолдарын жіберіп, шапалақтайды. Қауіпсіздік ережесін мұқият сақтау қажет.

Талдау: ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады.

«Ақша қар» жаттығуы

Қажетті құралдар: жіп, қарындаш, бос шырын құтысы

Ережесі: Жіп қатысушылар санына қарай бөлінеді. 14 қатысушы болса 7 бөлікке бөлінген 2м жіп қажет. Әр қатысушының қолында жіптің бір ұшы қалуы тиіс. Ақылдаса отырып жіптерді алмастырып, қар үлгісін жасайды. Ортасына қарындаш қойылады. Қарындашты жерге түсірмей құтыға салу қажет. Егер қарындаш жерге түсіп кеткен жағдайда ойын қайта басталады. Жаттығуды сөйлемей дыбыссыз өткізу, ойынның қызығушылығын арттыра түседі.

Талдау:ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады.

«Лабиринт» жаттығуы

Қажетті құралдар: үлкен көлемді скотч, 2х2 м көлемде мата

Ережесі: Матаға маркермен кез-келген бағытта жолдар салынады. Қатысушылар матаны керіп ұстайды. Жолдың бір ұшына скотч қойылады. Қатысушылар матаның көмегімен скочты жолдармен жылжытып шығу қажет. Жолдан шығып кеткен жағдайда ойын қайта басталады.

Талдау:ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады.

«Айналма» жаттығуы

Қажетті құралдар: айналма 1 дана

Ережесі: қатысушылар шеңбер жасап қолдарынан ұстап тұрады. Жаттығу нұсқаушы белгісінен кейін айналманы қолдарын үзбей топтан өтіп шығу керек. Жаттығуды күрделендіру үшін айналманың орнына жіп қолдануға да болады.

Талдау:ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады.

«Жапсырма» жаттығуы

Қажетті құралдар: үлкен көлемді желім лентасы (скотч)

Ережесі: Қатысушылар сұқ саусақтарының басына желім лентасын қойып, топпен бірге белгіленген орынға дейін алып жүрулері керек. Желім лентаны алып келе жатқан кезде қолдың жоғары қарай көтеріліп кететіні байқалады. Егер жоғары көтеріліп кеткен жағдайда немесе түсіріп алған кезде ойын қайта басталады.

Талдау:ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады. Неге желім лентасы жоғары көтеріліп кететіні жөнінде сауал тасталады.

«Өрмекші торы» жаттығуы

Қажетті құралдар: жіп немесе ленталар

Ережесі: Егер алаңда өткізілсе футбол қақпасына, табиғат аясында ұйымдастырылса екі ағаштың арасына керіп қатысушылар санына байланысты жіптен тор көздер жасалады. Қатысушылар әрбір төркөзден денелерін жіпке тигізбей өтіп шығулары қажет.

Талдау:ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады

«Қауіпті шұңқырлар» жаттығуы

Қажетті құралдар: қатты картоннан немесе тақтайшадан төртбұрышты ойықтары бар 50х50 көлемде 5 бөлік тақтайша

Ережесі: қатты картоннан немесе тақтайшадан төртбұрышты ойықтары бар 50х50 көлемде 5 бөлік тақтайша жасалады.Әр тақтайшаның шетіне жіптер байланады. Қатысушылар жіптің ұшынан ұстай отырып, тақтайшаларды бір-біріне қосып кішкене допты торкөздерге түсірмей өтіп шығулары қажет. Ойынды күрделендіру үшін екі немесе үш доп жіберуге болады.

Талдау:ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады

«Мега қалам-1» жаттығуы

Қажетті құралдар: Шырыннан босаған 2 л құты. Жіптер

Ережесі: Шырыннан босаған 2 л құтыға жіптер байланады. Құтының ұшына маркер орналастырылады. Жіптер қатысушылардың санына тең болуы қажет. Қатысушылар жіптердің ұштарынан ұстай отырып, қағазға нұсқаушының айтқан сөзін жазып шығулары қажет.

Талдау:ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады.





Осыған ұқсас жазбалар:

Психолог жұмыстарыТренинг :"Интеллектуалдық ойыны «Не? Қайда? Қашан?»

Психолог жұмыстарыҰжымдағы достықты қадірлеуге арналған психологиялық тренингтер

Психолог жұмыстарыПсихологиялық жаттығу

Психолог жұмыстарыТренинг: «Зейін, ес, қиял – өзгеше бір әлем»

Психолог жұмыстарыКоманда қалыптастыруға арналған "Жіптік курс" психологиялық тренингі "Құбыр"

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141895

Пікірлер (3)
Админ # 19 қаңтар 2015 в 17:48 0
Рахмет Айболат, бұрын естімеген екенмін.
Айболат Тоғайұлы # 19 қаңтар 2015 в 17:52 +1
Оқасы жоқ. Орысша "веревочный курс" деп аталады. Ол туралы интернетте орысша мәліметтер көп. Қазақша аз десекте болады. "Жіптік курс" деп өзім атау қойдым.
Админ # 19 қаңтар 2015 в 18:07 0
Тағы да осындай ерекше мақалалар күтеміз, уақытыңыз болғанда сайтқа соғып тұрарсыз.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар