Әке рухына тағзым (эссе)

1 мамыр 2014 - Несипкул Утебаева

Әке рухына тағзым (эссе)

1941-1945 жыл аралығындағы Ұлы Отан сұрапыл соғысы туралы әңгіме қозғала қалса,

«Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады.»

деп, Асан Қайғы бабамыз жырлағандай, мен оймауыт ойдың тұңғиығын толқытып,әкемнің өткен асулы қия кезеңдерін ой-електен өткізіп, сезім пернелерімен ерекше мұңды күйге енемін.Соғыс – адамзат баласына келген нәубет.Нәубетке, амал жоқ, көппен бірге көнуі керек. Ұлы Отан соғысына қатысқан атам – Омаров Өтебай қан майданнан оралмаған. Ал, 1925 жылы туылған әкем – Мейманхан болса, не бары 18 жасында 1943 жылы сұрапыл соғысқа аттанып, көкөрім шағында әкесімен қатар, ол да Отан үшін Ленинград қан майданында ерлікпен от кешеді. Әкем Мейманхан 1945 жылы оқ пен оттың өтінен,өмір мен өлім айқасынан аман қалып қан майданнан елге оралады. Атам Өтебай болса, өкінішке орай, жан беріп, жан алысқан соғыстан белгісіз себептермен хабарсыз кеткен. Қара қағаз келсе де, өмірден өткенін білер еді ғой ел, ол да келмеген. Әкесін бұл дүниеде жоқтаумен өткізген бауыр еті баласы Мейманхан мен жары -Қанымкүлдің өзегін осы өкініш өртегені анық.Әкесін күткен баласы мен анасы қаралы күндерді жаралы жүрекпен өткізеді.Әкесі Омаров Өтебайдың сүйегі(белгісіз жауынгер болып) қайда қалғанын білмегеннен ауыр өкініш жоқ шығар бұл өмірде.Әулетіміз, атам-Өтебайдың жалғыз қарындасы – Түйме әпкем,әкем – Мейманхан,әжем -Қанымкүл барлығы да күн ұзақ, түн ұзақ жылдар бойы жолға қараумен атамыздың өліміне сенбей, шерлі жүректері қан жылаумен өтті-ау өмірден.Соғыс қасіреті–тағдырдың ауыртпалығы қандай аянышты… Бұл қатал тағдыр — Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі миллиондаған адамдардың тағдыры десек те болады.Иә, мен дүниеге келмей тұрып, әкемнің жастығын ұрлап, ерте есейткен, атамның сүйегін, тым болмаса, туған жерге бұйыртпай, отбасын да аяусыз шарпып өткен бұл соғыс.

.

Биыл Ұлы Отан соғысының жеңісіне 69жыл толады. Асқар таудай болған әкем-Мейманхан тірі болғанында 89 жасқа толған болар еді-ау.Әкеме «тәуелсіздікті» көруді жазбапты. «Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін» ұлы жеңіс күндеріне орай бірнеше рет медальдармен марапатталған. Әкем 1976жылы (51жасында) дерті меңдеп, ауруханада өмірден озды.Мен 8-ші сыныпты аяқтаған болатынмын.Ең соңғы рет аяулы әпкем–Сакида екеуміз әкемнің хал-жағдайын білуге ауруханаға барғанымызда, әкемнің көзі жайнап нұрланып, өзінен-өзі қуанып,(өлім алдында бір жасаған-ау шамасы...) бізге: «аналарыңа айтыңдар, көлбаржыланды (дәрігерлердің нұсқау-кеңесімен) тауып,ұстап әкелсін, маған сол жылан ем болады екен»деген еді. «Көкем жазылады екен»деп анамызға әкемнің сәлемін қуанышпен айтып келген болатынбыз. Ертеңіне анам «көлбаржыланды» тез табу үшін, сар даланы кезіп кетеді. Сол күні мен өзімнен-өзім қатты күйзеле өкси булығып, жүрегім әлденеге алаңдап, бойымды қорқынышты үрей билеп, жүрек қағысым өзгеше болып соғылды.Не деген түйсік десеңізші… Ойпырмай, жүрек құрғыр алдамапты(өмірімде бір-ақ рет осындай тылсым күй кешіппін.Анам қайтыс болғанда, мұндай түйсік қайталанбады).Сол күні әкемнің інісі Әмзе сұм ажал құрығына ілінген ағасының (менің әкемнің) мәйітін түс ауған шақта үйге әкелді. Ал, бейшара анам болса, аптап ыстық күнде жапан түз даланы кезіп, аузы кезеріп, кемсеңдеп, бір Аллаға үміт артып, жалбарынып, жан жарының емі үшін, жалғыз өзі жылан іздеп, іздегенін таппай түңіліп, күңіреніп, түннің бір уағында келеді.Жиналған қара халық «құдай қосқан қосағының» өлімін анама сол мезетте естіртейін десе, қай жерде жүргенін де (ол кезде қазіргідей ұялы телефон болмаған)білмеді.1976жылы тамыздың 29 күні біздің отбасымыз үшін қайғылы да қаралы күн болды.

.

Шымқаланың жанында орналасқан 41 алқа көлі мен мөлдіреп аққан таза бұлақтары мен өзені бар жағасы көкқұрақ майсалы, шөбі шүйгін шалғынды, Сайрам ауданына қарасты Көмешбұлақ мекені – менің және әкемнің туған жері.Әкем елге сыйлы,өте беделді жан еді.Келеңсіз істерге бой алдырып адасқандар осы кісіге келіп жүгінетін. «Тура биде туған жоқ»дегендей, ол парасаттылығымен талай дау-дамайдың түйінін шешіп, тура жолды көрсетіп,қара қылды қақ жара әділ төрелігін айтушы еді.Менің әкем ауылдың ұстазы ғана емес, ақыл-кеңес беретін жолбасшысы да болатын.Ел ағасы болған әкемнің суреті орталықтағы «Құрмет тақтасында» (сол кезде)ілулі тұратын.Сайрам ауданына қарасты Көмешбұлақ ауылында көз көргендер мені көрсе көздеріне жас алып, тебірене «әкесінің тұяғы» деп, жылы лебіздерін білдіріп жатады.Мен де әке-шешемді көргендей бір жасап қаламын. Олар мені «Мейманхан ағайдың қызы» деп, бір-бірімен жарыса құрақ ұшып үйлеріне ілтипатпен қонаққа шақырып жатады.Шіркін, ауыл адамдарының пейілдері кең дархан ғой… Табиғаты тылсым сырға тұнған, қызғалдақтай құлпырған ауылымның жұпар ауасы, адамдардың адал пейілдері ауылға барған сайын менің көңілімді көктем етеді.Менің балапан арманым — Ұстаз болсам деген осы жусаны бұрқыраған ауылдан басталды емес пе? Тек, әке-шешемді сағына аңсаймын,өкініштісі сол. «Әкең өлсе де,әкеңнің көзін көрген өлмесін»деп, халқымыз тауып айтқан екен.Әрине, бүгінде әкеммен жасты қариялар некен-саяқ.Бірақ әкемнің шәкірттері жетерлік, олар еліміздің төрт бұрышында қызмет етіп жүр.Әкем – ұстаздық қызметте болған.Тіпті, менің де ұстазым болған. Ол математика пәнінен және бастауыш сыныптарға дәріс беретін.Біздің мектебіміз аулымыздан 2-3шақырым қашықтықта (орталықта) еді.Содан, бастауыш сынып оқушыларына мектепке қатынау қиын болғандықтан,әкем жоғары жаққа қайта-қайта хат жазып, табандылықпен Көмешбұлақ ауылынан шағын мектеп аштырған еді.Ол біраз жылдар «17 партсъезд» (бұрынғы атауы) атындағы мектепте директор қызметін де атқарған болатын.Бүгінде Көмешбұлақ атындағы №67жалпы орта мектебінің (қазіргі атауы)керегесі кеңіп, 11 жылдық болды.Оның қазіргі директоры – Ербол Еламанұлы Қуанышбеков ( менің бастауышта оқытқан шәкіртім)Ендігі кезекте, балғын балалық шақтан мөлтек сыр шертейін…

.

Бірде әкем жұмысына бара алмай қатты сырқаттанып(соғыстың зардабы болар, оның денесінде түйіндер(осколки) болатын) қалған болатын. «Қазақстан Одағының жеңіл өнеркәсіп министрі Айтан Зияев келеді екен» деген сөз аулымызды дүр сілкіндірді. «Алыстан алты жасар бала келсе, алдынан алпыс жастағы қария қарсы алады» демекші, ылғи шәкіртінің алдынан қарсы алатын әкем бұл жолы шәкіртінің алдынан сыр берген денсаулығына байланысты шыға алмады.Сол күні үйімізге Қазақстанның министрі Айтан Зияев(өмірден озған) шәкірттік әдеппен ұстазының хал-жағдайын сұрау үшін аттың басын бұрады. Шамасы, мен алты жаста болсам керек-ті.Тұлымшағым желбіреп, кеудемді мақтаныш кернеп, «ұлы ұстаз бен министр шәкіртінің» әңгімесіне куә болғаным бар.Сол кездегі шәкірт министрдің «Ұлы Ұстазын ұлықтағанын» көріп,әкемнің нұрлы бейнесі мен көзіндегі отты ұшқыны менің жадымда мәңгі есімде қалыпты (күні бүгінгідей). Осы уақиғаны тілмен жеткізу мүмкін емес еді.Неткен кісілік пен кішілік! «Ұлық болсаң кішік бол!» деген осы екен-ау.Айтпақшы, менің есімімді де қойған осы министрдің шешесі(есімін ұмытып қалыппын) екен.Ол кісі түс көрген екен, түсін жорамалдап, келінім -Нышан дүниеге ұл әкеледі екен, есімін Несіпбек қойыңдар деген екен.Содан жарық дүниенің есігін іңгәлап ашқан маған Несіпкүл (қыз болғандықтан Несіпбек-Несіпкүл болып өзгертіліпті) деп азан шақырып ат қойыпты. «Шәкіртсіз ұстаз-тұл»дегендей, әкемнің Қазақстанға белгілі шәкірттерін атасам: Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы театрда қызмет етіп жүрген Қазақстан Республикасының халық әртісі — Ақсақал Қалмырзаев(бұл кісі әкпеме рухани қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуына көмектескен ), біраз жыл Оңтүстік Қазақстан облысының білім департаментінің бастығы болып, кейіннен Түлкібас ауданының әкімі болған — Сарманов Ерғали (жақында өмірден озды), Сарыағаштағы «Барыс-2030 курортының» және «Минералдық сулар» заводының директоры – Молдалы Қолдасовтар (бұл кісі ауылда кездескенімде маған өз визиткасын берді, сол кездескенімде ұстазы Мейманхан ағайды аса жоғары құрметтейтінін айтты) және т.б.(тағы да мен білмейтін шәкірттері қаншама десеңізші)

.

Сакида, Фарида деген аяулы әпкелерім бар. Анам алты рет құрсақ көтерген. Нұрғали,Қалида, Нағима деген әпке-ағаларым кішкентайында шетінеп кеткен екен.Содан аман қалғаны – үшеуіміз екен. Анам-Нышан болса таңның атысынан күннің батысына дейін қызыл қырманда тау боп үйілген бидайды сұрыптап шаршамастан жұмыс істеуші еді.Мен әкемнің ерке кенже қызымын.Мектепке ылғи бірге баратынбыз.Тіпті,әкем шашымды тарап, бұрымымды өріп, бантигімді тағып, киімімді кигізетін. Сабағымды үнемі қадағалайтын.Кешке ұйықтар алдында, міндетті түрде үйге берген тапсырманы тағы да бір рет тексеріп, сұраушы еді.Үй жұмысын орындасам ұйқыға жатар едім, орындамасам «ұйқы жоқ саған» деуші еді әкем. Ол маған 1-ші сыныптан бастап «Балдырған» журналын, «Пионер газетін» үзбей жаздырып беретін.Ол-менің алғашқы ұстазым,әрі әкем. 3-ші сыныптан бастап қағазға ойымды жазатынмын.3-ші сыныпта жазған арнауымды әкеме оқып берген болатынмын.

«Асқар тауым мәңгілік,

Қуанышым жан әкем.

Оқыттың сен мені үздік,

Біліміңнің нәрімен».

Сол кезде әкем маған мейірлене қарап, сәбилік ыстық сезіміме ризашылығын білдірген еді.Бірде әкеме: «Өскенде кім болғанымды қалайсыз?»деп, сұрақ қойдым.Ол ойланбастан «аспазшы болсайшы...»деді. «Көке(әкемді осылай атайтынмын), мен сабақты жақсы оқимын ғой! Мен ақын боламын!»дедім.Көкеме көз жасымды көрсетпей, солқылдап, жылаған болатынмын.Көкем қайтыс болғаннан кейін, пікірімді өзгертіп, мұғалім болуға тоқталдым.Мені екі әкпем үгіттеп құптай: «Сен өте табандысың,әкеміздің сара жолын сен жалғастыр, саған үміт артамыз»деді.Енді ойласам,әкем мені рухани қиналмасын деген екен ғой.Мұғалім болуға болады, бірақ нағыз ұстаз болу қиын екен.Әкем – Мейманхан Өтебайұлы соғыстан кейін өзінен жасы үлкендерге де дәріс беріп, хат танытқан.Соның ішінде анам-Нышан да болған екен.Анамның ең алғашқы ұстазы-өзінің болашақ жары болған.Ол кездегі адамдардың хат тану үшін 4-ақ кластық білімі болған. 1982 жылы анам да өмірден озды.Ал,әкем 2жыл медицинада оқып, ұнатпай шығып кеткен.Институтта математика факультетін оқыған.Тіпті, Түркістандағы педучилищені 2рет сырттай оқыған екен.Себебі, алғашқыда оқығанда құжаттарын жоғалтып алған екен.Анамның айтуынша, әкем оқудан еш жалықпай, өмірінің 10-11 жылын оқуға мамандық алу үшін сарп еткен екен.Неткен қайрат, неткен сарқылмас күш-жігер.

Әкем-менің пірім! Мен онымен ылғи тілдесіп жүргендеймін.Оның рухы үнемі мені қолдап жүреді.Әкем адамның да жемістің де шын бағбаны еді.Өмірді үйлестіре білетін.Жемістің бағбаны дейтінім – ауылда ең алғашқы рет жерге бау- бақша еккен жан екен.Осы еңбекқорлығынан болар ауылда әкемді «Мичурин» деп те атаған екен. Бауымыз ерекше еді, саясы көлеңкелі, жемісі уылжып пісіп тұратын.Алма, өрік, жүзім т.б. самсап тұратын.Әпкемнің айтуынша, әрбір жеміс ағашына 1-2 шақырым жерден (өзен, бұлақтан) иінағашпен екі шелекті көтеріп су әкеліп суарады екен. Сакида әпкем содан «бойым кішкене болып қалған» деп, әзілдейді.Кейін су(артезиан) келіпті.Ол су мұздай болып есігіміздің алдындағы арықтан сарқырап ағып жататын.Әкем сол ағынды суға анама айтып, ыдысымен ашыған көжені үстіне ауыр тас бастырып қойғызатын.Арықтың жағасында теректер жайқалып өсіп тұратын еді.Өткен-кеткен шөлдеген жолаушылар(танитын-танымайтыны) сол мұздай көжені ішіп, рахметін айтып, рахаттанып кетуші еді.Бұл 1967жылғы ауыл көрінісінің бір шеті ғана.Неткен мәрттік десеңізші… Шіркін, мен сол мөлдір су ағып жатқан арықтың жағасында, саялы әкемнің бауында көрші-қолаңның балаларымен асыр салып ойнаушы едім-ау… Келмеске кетті ғой сол балалық күндерім…

.

Әке! Мен сіздің жүріп өткен өнегелі тағдырыңыз бен Отанды қорғаған, талай жанға хат танытқан өміріңізді мақтанышпен айтамын.Сізге ұқсауға тырыстым.Өте тумасам да, сізге жете туған шығармын. «Ұстаздан-шәкірт озар»дегендей, менің де шәкірттерім қаулап өсіп келеді. Атап айтсам: №67Көмешбұлақ атындағы жалпы орта мектебінің директоры – Ербол Қуанышбеков, өнер саласынан президентіміздің грантын жеңіп алған Қазақстан Республикасына танымал — жас қобызшы Ақерке Тәжібаева, Туркияда білімін жалғап жүрген үздік оқушы атанған–Раушан Қамбар, Некрасов атындағы №9мектеп- гимназияны алтын белгіге бітіріп, ең жоғарғы оқу орнын да қызыл дипломмен бітірген- Ерлан Мүлкібаев,Қазақстан Республикасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада оқып келген-ҚанатТөлекбаев, ХҚТУ-дің оқытушысы-Мөлдір Сейсембекова(өз қызым, грантпен оқыған), журналист-Дариға Тұрғынбаева (грантпен оқыған), дәрігер-Бахтиярова(грантпен оқыған) және де т.б. шәкірттерім бар.Сіздің сара жолыңызды қуған жәйім бар,әке!Өмірдің бар асылын жинақтап берген – ол менің ұшқан ұям – ауылым және сізсіз,әкетайым.Сіздің «Оқы, оқы және оқы!»деп, қайталай беретін сөзіңізді, бүгінде мен шәкірттеріме айтудамын.Әке жолы – менің ізгілік мұратым.Осы эссені сізге арнап жазып отырып, көзімнен ыстық жас толассыз ағып, бетімді жуып барады...Әттең, тірі болғаныңызда ғой… Сіз сияқты әрдайым тегеурінді де арлы боламын. Әке, Сіздің рухыңызға тағзым етемін!!!

Өтебаева Несіпкүл Мейманханқызы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Түркістан қаласы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1072420

Пікірлер (0)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар