Тынымсыз өнер тынысы

23 мамыр 2014 - Несипкул Утебаева

Тынымсыз өнер тынысы

І. Балғын балалық шақ.

1995 жылдың мамыр айы болатын. Мектеп тыныс -тіршілігінде қарбалас оқу жылының соңғы айы.Некрасов атындағы мектепте ең тұңғыш рет ашылған қазақ сыныбындағы қаракөздер 2-ші сыныпты аяқтаған болатын. Жапа тармағай «соңғы қоңырауға» дайындық та басталып кетті. 1993 жылы мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, өнерімен көзге түскен, Түркістан қаласында өткізілген «Әнші балапанның» бас жүлдегері атанған Ақерке Тәжібаева өнер өлкесіне игілікті қадам басатынын кім білген?!..

Ақеркені мектептегі барлық дерлік іс-шараларға қатыстыру үрдіске айналған болатын.Өйткені, ол өзінің ерекше дарындылық қабілетімен, зеректігімен мектепке танылған еді.Әсіресе,1994 жылы «9мамыр — жеңіс күніне» арналған қойылымда Ақеркенің соғысқа аттанған жауынгердің қызын сомдауы барша жұртты елең еткізген болатын. Сол кездегі «Жеңіс күніне» арналған салтанатты жиында Ақеркенің қатысуымен көрсетілген қойылымда тебіренбеген жан жоқ шығар.Кіп-кішкентай Ақерке көз жасына ерік беріп, ынты-шынтысымен ролді сомдауы таңқаларлық іс еді. Қалың көрермен, яғни оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер қойылымдағы уақиға желісін сілтідей тыныш тұрып тамашалады.Кейбіреуі қойылымға елітіп жылап та алды. Сол кездегі еліктің лағындай — Ақеркенің өнерге деген құлшынысы мен құштарлығы осылайша көрініс тауып еді. Бірде қала көлемінде ана тілі пәнінен «Керемет көктем!» тақырыбында семинар сабағы берілді. Абайдың(И.А.Крыловтан) «Шегіртке мен құмырсқа» атты мысал аудармасын 2 «А» сынып оқушылары сахналайды.Шырылдауық шегірткенің роліне еніп, нәшініне келтіре сомдап, өлең сөздерін келістіре шатаспай, жатқа айтқан балғын Ақеркеге мұғалімдер дән риза болып қол соғады. Сабақ соңында қалалық білім бөлімінің әдіскері – Гүлдана Жақыпова (бүгінде зейнеткер) тұлымшағы желбіреген Ақеркені жанына шақырып алып, «Өзің болайын деп тұрған бала екенсің ғой» -деп, шын ықыласымен маңдайынан сипайды. Сол кезеңдерде мектеп директоры С.Н.Керн мектебімізге танымал болған сүйріктей Ақеркені ұдайы кабинетіне шақыртып алатын. Мектепке келген қонақтардың алдында біздің Ақеркеміз тамылжыта ән салып беріп, олардың көңілдерін көктем етіп жіберетін.Міне, Ақеркенің мектебіміздегі айшықталған балалық балдәуренінің шынайы бір белесі осындай болған.

ІІ. Өнер-білім сапарына бата .

1995 жылдың мамыр айының соңғы онкүндігіне қайта оралсақ. Әсірелемей, шындықты айтар болсам. «Өскенде әнші болам» дейтін шәкіртім – Ақерке тосыннан маған Алматыға біржолата оқу үшін сапар шегетінін айтты. «Апай, маған бата бересіз ғой, сыныптастарымды және сізді апам ертең «тәтті шайға» шақырды» деді. Құйтақандай қыздың «бата беріңіз» деген сөзі менің сезімімді от шарпығандай дір еткізді. Неткен даналық… Енді бүршік жарған бәйшешектей Ақерке құдды салт- дәстүріміздің қаймағын сарқып ішкен сыңайлы.Сол түні менің ұйқым қашып кетті. Ойпырмай, «енді не істесем екен?» деп, терең ойға шомдым.Ақыры қолыма қалам алып, тебірене отырып бата-тілек жаздым.Сыныбымдағы ең үздік, ең ақылды шәкіртімді Алматы қаласына біржолата қимас сезіммен шығарып салу керек болды. Ертеңіне 2 «А» сынып оқушыларымен бірге Ақеркенің үйіне «тәтті шайға» бардық.Анасы Гүлбахрам мен Ақерке бізді құрақ ұшып қарсы алды. Әкесі Жұмаділлә жұмыста екен.Ақ дастарханның басында біраз әңгіме дүкен құрдық. Балалар ән айтты, тақпақ оқыды. Әйтеуір не керек, мәре-сәре болып шүйіркелестік. Ақеркенің парасатты анасы сөзін былай сабақтады: «Несіпкүл апай, біз сіздің жақсы мұғалім екеніңізді білеміз, өзіңіз байқағандай, Ақеркенің өнерге құлаш ұрып, кең қанат қағуы үшін Алматыға барып оқу керек шығар деп, шештік. Сіз, әрдайым Ақеркеге әріп танытқан ең алғашқы ұстазы болып жадымызда қаласыз.Сізге үлкен рахмет!» деді.Барлық іс-әрекетті пайымдай білетін Ақеркеге қарасам, қимастық сезіммен мұңайып қалыпты.Ақеркеге қарап, «ұстаздық қасиетіммен сапарыңа бата берейін» деп, бата-тілек жазылған кітапты ұсындым.

Халқыңның қалаулы қызы болғын,

Ойы ұшқыр кемеңгер дана болғын.

Өмірден таңдап алған өнер жолын,

Меңгеріп тарыдайдан таудай болғын.

Сенемін топты жарып шығарыңа,

Өнеріңмен асқақта сен шыңдарға,

Өмірдің соқпағынан сүрінбей өт,

Самғай бер,әніңменен асуларға. (үзінді)

Ақеркенің қобызбен сүйемелдеуіндегі орындалған Бақыт Шадаеваның «Өмір-арман»деген әнінде, осы бата тілектің бір шумағы қара өлең болып оқылып, ән орындалды. Сондай-ақ, осы ән «2001жылдың ең үздік әні» номинациясын жеңіп алды.Міне ақ батаның құдіреті. Батаны сақтап, қастерлеген ізгілікті тұлға — Ақеркені дана демей, кім дерсің? Бұл Ақеркенің замандастарына шынайы үлгі боларлық іс.

Содан кейін, естуімше неге екенін білмедім(себебін), Ақеркені Алматыға анасы алып бармаған, туысқандарына қыдырып барғанында, А. Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған арнайы мамандырылған музыка мектебіне өзі барып,қобыздың үні естілген бөлмеге кілт тоқтап, осы киелі аспапты таңдаған екен.

ІІІ.Өсер жасқа өріс кең.

Ақерке Тәжібаева 1993-1995жылдарда Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 орта мектепте білім алған.Ол Алматыдағы 1995-2005ж. А. Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған, арнайы мамандырылған музыка мектебінде оқып, оны үздік атестатқа бітірді. 2005-2009ж.Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияны халық аспаптар факультетінің қобыз мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірді.2009ж.Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының грантпен оқитын магистранты және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Заң факультетінің «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша сырттай оқып, оны бітіріп қазір осы туризм саласы бойынша да бас маман қызметінде.

ІV. Шабыт шағаласы.

Өнердің қауызын жарып шыққан жауқазындай Ақеркенің шағаладай көңіліне дақ түспесе екен деп тілеймін. Түркістанның төл перзенті – Ақерке Жұмаділлақызы Тәжібаеваның қазіргі таңдағы өнер өлкесіндегі жеткен жетістіктері толағай-теңіз. Ол туралы халықаралық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр.Өнерге ар көзімен қарайтын Ақерке және оның өнері жөнінде «Туған жерім- қасиетті Түркістан» атты Күнпейіс Жұмаханның кітабы жарық көрді. Шын мәнінде жарнамадан кенде емес.Ол Германия, Корея, Қытай, Литва, Венгрия, Молдова, Ресей, Туркия және т.б. шет мемлекеттерде өз өнерін көрсетіп қайтқан.Күнделікті теледидардан да оны көріп жүрміз. Сан қырлы тақырыптағы айдар таққан бағдарламаларға да қатысып жүр.Оның жеткен жетістіктерінен биік тау тұрғызуға болады.Қаншама биіктерге жетсе де, ол қарапайымдылығынан, шынайылығынан, кішіпейілдігінен танған емес. Сондықтан болар, Алла тағала оған бар жақсылықты,ізгі қасиеттерді тізіп берген десек те болады.Оның бағы жанып,өнер жолындағы ұстаздары да осал болмады.Атап айтсақ, Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы мектептегі ұстазы –Жұмабек Әбдіманап, консерваториядағы ұстазы – профессор Базархан Қосбасаров.

Табиғатында асыл нұрдан жаратылған Ақерке рух нұрының шапағын халқына тарата білуде.Оның рухани өсуі тікелей қобызға байланысты.Көкірек көзі ояу, қобыздың сарынын жүрек көзімен ұғынатын Ақерке ақыл көзімен рухани ілімдерді саралап халыққа жеткізіп жүр десек болады. Оның рухы күшті, әрі таза болғандықтан ол бойына мейірім, ынсап, әділет және ұят, ар-намыс, жігер –қайрат деген қасиеттерді сіңірген.Балауса өнерпаз — Ақеркенің қобызбен орындауындағы күйлері жердегі шартарап түгілі аспан әлеміндегі әуеде (авиа) де шырқалып жүр. Оны нағыз рухани ілімді меңгерген жан дерсің.Ақеркені періштедей пәк, таза еткен — оның қолындағы қылқобыз аспабы. Сондай-ақ, «Алып анадан туады» дегендей, мейірім төккен анасы Гүлбахрам жарғақ құлағы жастыққа тимей, Ақеркенің жанына жалау болып, тынбастан өнер жолындағы шаруада еңбек етуде.Ал әкесі парасатты Жұмаділла болса, әркезде де келелі кеңесін айтудан жалыққан емес.Осындай өнегелі ата-ананың үкілі үмітін ақтап, тәлім-тәрбие алған Ақеркенің алдына қойған мақсаттары ұшан-теңіз. Мақсатқа жету үшін ең алдымен рухани таза болмаса, дәнеңе де шықпас еді-ау.VІІІ ғасырдан қалған қобыздың сыр-сипатын түсініп, онымен тебірентетін күйлер ойнау Ақеркенің еншісіне бұйырыпты.Ойлап қарасаң, Ақерке мәдени мұраны жаңа заманға жеткізуші өнер елшісі іспеттес.Бұл – тағдыр. Қорқыт атадан қалған асыл мұра — қылқобызды өзіне серік етіп, оны игерген талдырмаш, лағылдай Ақеркенің жетістігінің сыры — оның жанкештілікпен өнер жолында аянбай еңбек етуінде болса керек-ті.

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1148653

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар